$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.08.2021, 14:54
Оқиғалар

Қарағандыда 500 адамға той жасаған шенеунік жұмыстан босатылуы мүмкін

Шенеуніктің мейрамханада қыз ұзату тойын өткізгені белгілі болды

 

Қарағандыда 500 адамға той жасаған шенеунік жұмыстан босатылуы мүмкін
Видеодан кадр

Қарағанды облысында жоғары лауазымды шенеунік 500 адамға арналған той өткізіп, қыз ұзатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

7 тамыз күні әлеуметтік желілерде жарияланған видеода қарағандылық шенеуніктің 500 адам шақырып, қыз ұзату тойын жасағаны белгілі болды.

Ресми емес дереккөздерде шенеуніктің облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы екенін айтылуда.

Оқиғаға қатысты түсініктеме берген облыстық әкімдіктің өкілдері мемлекеттік қызметшіге қатысты арнайы тексеру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

«Аталған мемлекеттік қызметшіге қатысты арнайы тексеру тағайындалады, карантин шектеуі сақтамау дерегі расталған жағдайда, оны қызметінен босатуға дейінгі қатаң шара қабылданады»,- деді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.

Ол сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуына байланысты ұйымдастырушыларға әкімшілік айыппұл салынатынын мәлімдеді.

«Санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың бұзылуына байланысты «Ариста» мейрамханасының иелеріне қатысты нысанның қызметін тоқтату бойынша шара қабылданады. Халық арасында COVID-19 ауруының өсуіне қарамастан, мекеме иелері мен бұқаралық шара ұйымдастырушылар өз жақындарына инфекцияның жұғуы мен таралу қаупін төндіретіні өте өкінішті. Бұл мәселе Қарағанды қаласы әкімдігінің, құқық қорғау органдарының және мониторинг тобының жеке бақылауына алынды», - деді М. Шаповалова.

Айта кетсек, коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан Қарағанды облысында өткен тәулікте өңірде 1050 адамның COVID-19 вирусын жұқтырған.

Серіктес жаңалықтары