Елордада төрт жасар бала 8-қабаттан құлап кетті

Ауыр жарақат алған бүлдіршін оқиға орнында көз жұмды

Елордада төрт жасар бала 8-қабаттан құлап кетті
көрнекі фото: pravda.ru

Нұр-Сұлтан қаласында төрт жасар бала көп қабатты үйдің терезеден құлап кетті. Бұл туралы елордалық Полиция департаменті хабарлайды.

«2 тамыз күні сағат 20:37-де полицияға Иманбаев көшесіндегі көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы терезеден төрт жасар баланың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Бала ата-анасымен бірге пәтерде болған. Ол ойнап жүріп терезенің тақтайына шыққан. Москит торына сүйенген ол, өкінішке қарай, құлап кетті. Баланың әкесі құтқарып үлгере алмаған. Алған жарақат салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды», - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері елордада 25 бала терезеден құлап, олардың үшеуі қайтыс болды. Полиция қызметкерлері ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды және ашық терезе жанында ойнауға жол бермеуді сұрайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.