Өскеменде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полиция қызметкері ауыр халде жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Өскеменде болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полиция қызметкері ауыр жағдайда, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өскемендегі жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полицейлердің бірінің жағдайы ауыр. Облыстық полиция департаменті өз қызметкерлеріне қажетті көмектің бәрін көрсетеді», - деп атап өтті ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Өскеменде жедел медициналық көмек көлігінің жүргізушісі Сәтбаев даңғылымен Жібек Жолы көшелерінің қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кетпек боллған кезде «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысқан.

«Салдарынан медициналық көмек көлігі қиылыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған екі полиция қызметкерін қағып кетті. Полиция қызметкерлері әртүрлі дене жарақатын алып, бірінші қалалық ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетілді. Атап өтетін жайт, жедел медициналық көмек бригадасы облыстық балалар ауруханасына шынтақ буыны шығып кетті деген күдікпен науқасты алып бара жатқан. Бірақ күдік расталмады», - деді ШҚО ПД баспасөз қызметі. ҚР ҚК 345 бап, 4 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.