Қызметкерлер мен даяшылар нысан ішінде маска тақпай қызмет көрсеткен
Шымкенттік полицейлер карантин шектеулеріне бағынбаған тойхананы анықтады. Шымкент ҚПД Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында күнделікті рейдтік іс-шара жүргізуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.
2021 жылдың 25 шілдесінде сағат 14:04-те Шымкент қаласында орналасқан «Ғажайып» тойханасы карантиндік шектеулерді бұзып, келушілерді қабылдап жатқанын анықтады. Қызметкерлер мен даяшылар нысан ішінде маска тақпай қызмет көрсеткен.
Сондай-ақ, 200 адамға арналған «Үйлену» тойын өткізіп жатқаны белгілі болды.
Аталған жайт бойынша, карантин талаптарын сақтамай жұмысын жалғастырған тойхана әкімшісінен түсініктеме алынды.
Жинақталған іс-құжаттар шара қолдану үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері бекітілген қаулыға бағынбай, әлі күнге той-жиын өткізіп жатқан тұрғындарға бұл өздерінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіріп жатқанын қатаң ескертеді.