Полиция аталған жайт бойынша тексеру жүргізіп жатыр
Түркістан облысында келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдірген әйел көпшіліктен кешірім сұрады. «Бұл қадамға ашумен бардым» деген қайынәпкенің видеомәлімдемесі журналист Гүлмира Әбіқайдың Instagram-парақшасында жарияланған.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Отырар ауданында тұратын 40 жастағы әйелді қайынбикесі қорлағаны туралы жазған болатынбыз. Күйеуінің әпкесі жуылмаған газ плитасы үшін оның бетіне шанышқыны қыздырып басқан. Журналист Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, зәбір көрген әйелдің ақыл-есінің дамуында тежеуі бар, сондай-ақ ол бала кезінен жетім өскен.
Түркістан облыстық полицейлері болса ешкімнен арыз түспегенін, бірақ аталған оқиғаны тексеретінін мәлімдеп отыр.
Ал, өзін Бағила Кәрібай деп таныстырған әйел мұндай қадамға ашумен барғанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.