Павлодар облысында допинг қолданғандар жоғарғы спорт мектебінен шығарылды
Спортшылардың ағзаға уақытша күш беретін дәрінің «А» тобын пайдаланғаны анықталды
Павлодар облысында допинг қолданған спортшылар жоғарғы спорт шеберлігі мектебінен шығарылды.
Бүгінгі күні жеңіл атлетика бойынша Игорь Кондратьев, Евгения Фандюшина, Вероника Брославская, велошабандоз Илья Горбушин, спорттық балық аулаудан әлем чемпионатына қатысушы Ержан Уахитов және еркін күрестен Ернұр Қабатаев ресми жаттығулардан шеттетілген.
Допингке қарсы жүргізілген зертханалық тексерудің қорытындысы бойынша спортшылардың ағзаға уақытша күш беретін дәрінің «А» тобын пайдаланғандары дәлелденіп отыр. Осыған орай, спорт федерациясының шешімімен олар түрлі мерзімге спорттан шығарылды. Ал қазіргі спортшылар арасында алдын алу шаралары жүріп жатыр. Допинг тақырыбында бірнеше семинар ұйымдастырылған.
«Олар жауапкершілікті жақсы түсінеді. Соған қарамастан, осындай қадамға барады. Допингпен ұсталған спортшыларға жаңа заң бойынша енді қолданылатын шара қатаң. Мүмкін алдағы уақытта спортшыларымыз ойланатын болар», - деді облыстық туризмді дамыту және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев.
Дереккөз: 24.kz