Бозбаланың зорлануы: Алматы Орталық мешіті оқиғаға қатысты түсініктеме берді

Зорлау фактісі бойынша күдікпен ұсталған азаматтың мешіт күзетшісі емес екені айтылды

Фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы Нұр-Мүбәрак мешітінде 18 жастағы бозбаланы күзетшінің зорлау оқиғасына қатысты Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ақпарат құралдарында «Алматыда 18 жастағы жігітті зорлады деген күдікпен мешіт күзетшісі ұсталды» деген мазмұнда жаңалық жариялануда. Осыған байланысты:

Біріншіден, зорлау оқиғасы «Нұр-Мүбарак» мешітінде болмаған. Бұл – анықталған, тексерілген дәлелді дәйек. БАҚ өкілдерінен «қылмыстық оқиға мешіт ішінде болған» деген жалған ақпаратты таратпауды талап етеміз.     

Екіншіден, зорлау фактісі бойынша күдікпен ұсталған азамат мешіт күзетшісі емес. Нұр-Мүбарак университеті және оқу орнына қарасты нысандарды «Скимен.KZ» компаниясы күзетеді. Күдікті азамат – «Скимен.KZ» компаниясының заңды қызметкері.

Үшіншіден, осы оқиғаға байланысты қажетті жедел тергеу іс-шаралар кешені өткізілуде. Тергеу амалдары толық біткен соң ресми мәліметтер қосымша жарияланады.

Төртіншіден, мешітке қатысты анықталмаған ақпараттарды таратпауды тағы да талап етеміз», - делінген қалалық Орталық мешіттің баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, танымал заңгер Айман Омарова тілінде мүкістігі, дамуында аздап тежеуі бар бозбаланы күзетші бөлмесіне алып кіріп, зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәлімдеген еді.

«Күдікті баланы аяқ-қолын байлап отырғызып қойған. Осындай жағдайда оны ұзақ ұстаған. Азғындық көрсеткен, зорлаған, ұзақ уақыт қорлаған. Міне, енді осындай адамды Бостандық аудандық полиция басқармасы босатып жібермекші. Дәлел жинау үшін уақыт керек дейді. Бірақ, жәбірленуші оны бірден таныды, одан артық не дәлел керек екенін түсінбеймін», - деген еді Айман Омарова өзінің Facebook-парақшасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.