Өзбекстандық жұмысшылар бөтен біреудің көлігімен үйлеріне қайтпақ болған
Олар жол апатына ұшырап, үш адам зардап шекті
Түркістан облысында ішімдікке сылқия тойған азамат біреудің автокөлігін тізгіндеп, жол-көлік оқиғасына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ЖКО туралы хабар Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесіне түскен. Оқиға орнына толық құрамда жеткен тәртіп сақшылары Лада автокөлігінің жүргізушісі рульдік басқару жүйесін игере алмай, жол жиегіне шығып, аунап кеткенін анықтаған.
«Жол апатының салдарынан автокөлік ішінде болған үш жолаушы түрлі дене жарақатымен Қазығұрт ауданының ауруханасына жеткізілді. Ал бір жолаушы сол жерде көз жұмған. Автокөліктің жүргізушісі болса оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен. Тәртіп сақшылары айналаның барлығын мұқият тексеріп, осы жайтты жасаған күдіктіні іздеуге бірден кірісті. Жақын маңдағы ауылдардың барлығын тексерді. Нәижесінде күдікті азамат көп ұзамай қолға түсті», - делінген хабарламада.
Лада жүргізушісінің көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Көлік ішінде болғандардың барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты. Олар Төлеби ауданында бірге жұмыс істеп, үйлеріне қайту мақсатында өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.