ШҚО-да жыл басынан бері 49 барымташы ұсталған
500 бас мал иелеріне қайтарылды
2021 жыл басталғалы бері Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 49 барымташыны – мал ұрлығымен айналысқан 6 қылмыстық топты ұстаған деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер биыл мал ұрлығы 14 пайызға азайғанын айтып отыр. Десе де, төрт түлігін қараусыз қалдыратын тұрғындар әлі де көп.
«Көбінесе барымташылар малды еркін жайылымнан ұрлайды. Ал кейбір жағдайларда алысқа жайылған мал жоғалып кеткен. Мұндай өтініштер бойынша полицейлер дер кезінде көмек көрсетіп, іздеу жұмыстарын жүргізеді», - делінген хабарламада.
Осы жылы мал ұрлаған 49 адам ұсталып, 6 қылмыстық топтың жолы кесілді. Сондай-ақ 500-ден астам мал иелеріне қайтарылған.
«Облыс бойынша қараусыз қалған малға арналған 277 айыппұл тұрағы құрылған. Онда 8 мыңға жуық мал басы қамалып, 2 мыңнан астам тұрғын ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.