Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан 7 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қаза болғандар арасында 16, 13, 8 жастағы балалар мен 4 айлық нәресте бар

 

Фото: taldykorganec.insta

Алматы облысында болған жантүршігерлік жол-көлік апатынан 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аса қайғылы жол апаты 9 маусым күні сағат 18:50 шамасында Алматы– Көкпек – Көктал тасжолының 134-шақырымында, Байсейіт ауылының маңында болған.

Алдын ала болжам бойынша Toyota Rav-4» көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, қарсы жолаққа шығып кетіп, «Audi C4» көлігіне бетпе-бет соғылған.

«Жол-көлік апаты салдарынан екі көліктің де жүргізушісі және үш жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Тағы екі адам Шелек ауылындағы ауруханада көз жұмды. Қаза болғандар арасында 16, 13, 8 жастағы балалар мен 4 айлық сәби де бар», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ тағы үш жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік апатына не себеп болғаны тергеу барысында анықталмақ.