ШҚО-да жоғалып кеткен баланы шекарашылар тауып берді
11 жастағы баланың ата-анасы шекарашылардан көмек сұраған
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында шекарашылар 11 жастағы ұл баланы табуға көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
14 маусымда Шекара қызметінің ШҚО бойынша департаменті Зайсан аудандық басқармасы «Обалы» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілеріне Сарытерек кентінің тұрғыны «Қызыл» елдімекенінде жоғалып кеткен 11 жасар ұлы Кеңесханды табуға көмектесу туралы өтініш білдірген. Ата-анасы баласын өздері іздеп көргенімен, еш нәтиже болмағандықтан, жергілікті жердің әр соқпағын білетін шекарашыларға өтініш білдіруді жөн деп шешіпті.
«Шекара қызметінің әскери қызметшілері «Бутч» іздестіру итімен екі іздеу тобына бөлініп, жергілікті жердің қатпарларын сүзіп шықты. Жолды шамдармен жарықтандырып, баланы қатты дауыстап шақырып, іздеу жұмыстарын түні бойы жалғастырды. Таңғы сағат 05.30-да шекарашылардың даусын естіген Кеңесхан есімді бала оларға қарай жүгірген», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Баланың айтуынша, үйіне қайтуға тырысқанымен, жолда қатты шаршап, ағаштың түбінде ұйықтап қалған екен.
«Жасыл фуражка киген жауынгерлердің қиындық кезінде жергілікті тұрғындарға көмектескен сәті бұл ғана емес. Осыған ұқсас оқиғаларды болдырмау үшін балаларыңызға әртүрлі жағдайлардағы қауіпсіздік ережелерін жеткізіңіз. Балаларыңызға сақ болыңыздар!», - делінген хабарламада.