Олар 10 жылға дейін қамалуы мүмкін
Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған бірнеше адам қорықшыларды аяусыз ұрып-соққан деп хабарлайды Otyrar.kz. Браконьерлер балықты электрлі қармақпен ұстаған. Ал, қорықшылар тарапынан болған ескертуге агрессиямен жауап қатқан.
Күдікті алты адам табиғат қорғаушыларын алдымен темір арматурамен, қайықтың ескегімен ұрған. Кейін екеуі суға құлағанда тоқпен жарақат салған. Артынша олар үш қайыққа отырып, ізін суытыпты.
Жәбірленгендер дереу полиция шақырған. Олардың бірі басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Ал, полицейлер күдікті алтауды әлі іздеп жатыр. «Билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар 10 жылға дейін қамалуы мүмкін.