Елордалық тұрғын ішімдік ішкен сайын туған анасын ұрып-соғып келген

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары тек екі күннің ішінде жүзге жуық отбасылық жанжалдың куәсі болған

Елорда тұрғыны анасын сабап тастаған. Рейдке шыққан құқық қорғаушылар айыпты азаматты тұтқындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Полицейлердің айтуынша, әйел үнемі ұлына шағымданатын көрінеді. Ал ер адамның өзі теріс әрекетін жоққа шығарып отыр. Соңғы жылдары осындай жағдайлар жиіліген. Тек екі күннің ішінде тәртіп сақшылары жүзге жуық отбасылық жанжалдың куәсі болды.   

Полиция бөлімшесі елордалық Олегтің екінші үйіне айналған. Тәртіп сақшылары оны туған анасын ұрғаны үшін бұған дейін де бірнеше рет тұтқындаған. Көршілерінің жанжалынан мезі болған тұрғындар бірнеше рет араша түскен. Алайда, өздерін де жазым қыла  жаздағандықтан, кейін олардың текетіресіне араласпайтын болыпты.

Елордада мұндай әлімжеттікке тап болғандар көп дейді тәртіп сақшылары. Солардың тағы бірі - Сеннат.  30 жыл бойы күйеуінен таяқ жеген. Тек осы жылы ғана келіншек батылдық танытып, полициядан көмек сұрапты.

Қазір ел аумағында «Тұрмыс» жедел іс-шарасы өтуде. Мақсат - отбасылық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу.

«Шақыру бойынша  жәбірленуші тарапқа полиция қызметкерлері келді.  Түрлі адамдар бар. Кейде пышақ ала жүгіретіндер де кездеседі. Тәртіп сақшыларына төнетін қауіп жоғары. Алайда барлығын тиянақты атқаруға тырысамыз», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Сарыарқа ауданы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Марат Өмірбаев.

Полицейлердің айтуынша, отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың дені ішімдіктің кесірінен болады.