Екі айдан бері жалақысын алмаған «Әбу-Даби Плаза» құрылысшылары кеңсе алдына жиналды

Автор: Azattyq Rýhy

Сәуірден бері жалақы алмаған жұмысшылар компанияда ақша жоқ дегенге сенбейді

Қазақстандағы ең биік ғимарат - «Әбу-Даби Плаза» құрылысшылары екі айдан бері жалақы алмаған. 10 маусымда ашынған 100 шақты жұмысшы бүгін құрылысты тастап, компания кеңсесіне жиналды. Жалақыдан бөлек, жұмысшылардың барлығына әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы төлемдері де жасалмаған екен. Бұл туралы КТК хабарлайды. 

Басшылықпен байланыс орната алмаған құрылысшылар жұмысын тастап, кеңсе алдына жиналған. Мердігерлер екі айдың ақшасын түске дейін аударуға сөз берген, бірақ уәдесінде тұрмаған. Сәуірден бері жалақы алмаған жұмысшылар компанияда ақша жоқ дегенге сенбейді.

«Міне, маусымның 10-ы болды. «Ақша жоқ, келесі жұма» дейді. Мынша адам келесі жұмаға дейін қалай күтеді. Пәтерақы күтпейді ғой. «Извини» дейді ғой бізге. Квартира, кредит, оған қоса №9 емханада сақтандыру қорым жоқ. Үш айдан бері түспеген дейді», - дейді құрылысшы Тұрсынбек Халиков.

Ал, бас мердігер компанияның өкілі Ілияс Дәуленов пандемия жұмысқа кедергі келтіргенін айтып, ақталды.

«Түсініңіз, коронавирус жағдайы жұмысқа кедергі болып жатыр. Біреуі қашықтан істесе, енді бірі ауруханада жатыр. Ал бұл ғимараттың құрылысына ақша шетелдік инвесторлардан келіп түседі. Сондықтан халықаралық банк операциялары көп уақыт алатындықтан, жалақы мәселесіне қатысты қиындық туындап отыр. Оған біз кінәлі емеспіз», - деді ол.

«Ақша бермесеңіздер, кеңселеріңізді талқандаймыз» деген жұмысшылардан сескенді ме, әйтеуір бас мердігер бүгін 50 миллион теңге ақша аударамын деп ант-су ішті. Олардың есебінше, бұл жүз адамға арналған бір жарым айдың ақшасы. Ал қалғанын келесі апта жібермекші. Бірақ құр уәдеге әбден тойған құрылысшылар оның сөзіне сенген жоқ.

Ғимараттың құрылысы жүріп жатқанына 10 жылдың жүзі болған. Айлығын айқаймен ғана өндіріп жүрген жұмысшылардың шулауы бүгін ғана емес.

Еңбек инспекциясының айтуынша, компания уәде еткен 50 миллион теңгесін бүгін аудармаса, әкімшілік жауапқа тартылады.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов пен Әділет министрі Марат Бекетаев жұмыс сапарымен БАӘ-ге барып, үлесті басқару жөніндегі атқарушы директор Фахад әл-Махмудпен, жобаларды басқару жөніндегі бас директор Ибрагим әл-Магрибимен кездесті. Кездесу барысында «Әбу-Даби Плаза» көпфункционалды кешені құрылысы 2021 жылы толық аяқталатыны айтылды.