Жандарбек Бекшин «СҚ-Фармация» ісіне қатысты сотқа шақырылды

Компания қорғаныш киімін уақытылы жеткізбегендіктен, медицина қызметкерлері жаппай ауруға шалдыққан

 

Былтыр наурыз бен мамыр аралығында Алматыда 160 медицина қызметкері жұмыста жүріп коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин сотта хабардар етті, деп хабарлайды «Хабар24» арнасы.

«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сот тергеуіне куәгер ретінде тартылған ол Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада вирустың таралуына қатысты түсініктеме берді.

Былтыр инфекцияның жаппай таралуына бірнеше жайт себеп болған. Қорғаныш киімінің жетіспеуінен бөлек, оларды кию тәртібі бұзылған, ауруханадағы оқшаулау жүйесіз жүргізілген. Қабылданатын науқастар ағымы да дұрыс реттелмеген.

Еске салсақ, «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріп лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша сотқа тартылған еді. Яғни, компания қорғаныш киімін уақытылы жеткізбегендіктен, медицина қызметкерлері жаппай ауруға шалдықты деген айып тағылған. Берік Шәріпке қаруды заңсыз иемдену мен сақтау бабы бойынша да айып тағылып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.