Концерт 24 мамырда өткен, тәртіп сақшылары ұйымдастырушыларды енді тапты
26 мамырда Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына облыс орталығында концерт ұйымдастырылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Басқармадағылар Түркістан қалалық полиция басқармасы басшысына хабарласып, шараны ұйымдастырушыларды анықтау туралы қызметтік хат жолдаған.
Тәртіп сақшылары концертті ұйымдастырғандарды бірнеше күннен кейін анықтады.
Полицияның баянатында, 24 мамыр сағат 19:00 шамасында Түркістан қаласында жаңа кинотеатрдың ашылуына байланысты концерттік шара өткені көрсетілген. Кинотеатрдың ашылу салтанатына орай ұйымдастырыған концерке шамамен 400-450 адам жиналған.
Карантин режимін бұзған азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, 2021 жылдың 18 мамырында Түркістан облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің бұқаралық шаралардың өткізілуіне тыйым салатын қаулысы шыққан.
Еске салайық, 24 мамырда Түркістандағы Khanshayim Plaza сауда орталығында Kinopark компаниясының заманауи кинотеатры ашылды.