Алматыда мас жүргізуші төрт адамды қағып кетті
Олардың барлығы №4 қалалық ауруханаға жеткізілген
Алматыда мас жүргізуші төрт адамды қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жол апатының видеосы Instagram әлеуметтік желісіндегі @Almaty_kris_p парақшасында жарияланды. Видео кадрлардан бағанаға соғылған Range Rover көлігін және жерде жатқан ер адамды көруге болады. Видео авторы жердегі адамның көліктің иесі екенін айтады.
Жол-көлік оқиғасы орталық мешіттің жанында болған. Пушкин мен Мәметова көшелерінің қиылысындағы бетон бағанға соғылып бір-ақ тоқтаған жол талғамайтын көліктің жүргізушісі масаң күйде болған.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жол апатынан төрт адамның зардап шеккенін мәлімдеді. Олардың барлығы №4 қалалық ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ, жол апатынан тағы бірнеше жеңіл автокөлік зақымданған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы