Нұр-Сұлтан қалалық соты күдікті Артур Ардавичуске қатысты жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Танымал қазақстандық спортшы, «Astana Motorsport» командасының бұрынғы автошабандозы Артур Ардавичус 800 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: vesti.kz

Бүгін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-ші департаментінің жетекшісі Сергей Перов мәлімдеме жасап, «Astana Motorsport» автошабандоздар командасының бұрынғы капитаны Артур Ардавичус отандық автоспортты дамытуға бөлінген 800 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін айтты.

Сондай-ақ агенттік өкілі Ардавичустың түсінік беруден қашып, Қазақстанға келуден бірнеше рет бас тартқаны жайлы да айтты. «Азаттық рухы» редакциясы агенттіктің мәлімдемесіне байланысты Нұр-Сұлтан қалалық сотына жүгініп, ресми жауап алды.

«Тергеу соты (Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған тергеу соты – ред.) күдікті Артур Андреевич Ардавичусқа қатысты 2 ай мерзімге қамақта ұстау туралы сырттай тағайындалған шараны санкциялады», - деп жауап берді Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Артур Ардавичус «Дакар-2012» ралли-марафонында жүк көлігімен жарысқа түсіп, қола жүлдегер атанған. «Astana Motorsport» автошабандоздар командасының капитаны, директоры болған.