Қызылорда облысында жол-көлік апатынан 4 адам қаза тапты
Дене жарақатын алған тағы бір адам медициналық мекемеге жеткізілді
Қызылорда облысында болған ірі жол апатынан төрт адам көз жұмып, бір адам дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жол-көлік апаты 29 мамыр күні түнгі сағат 23.00 шамасында болған.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының Қызылорда облысы аумағындағы 1466 шақырымында MAN жүк көлігі мен «Mercedes» жеңіл көлігі соқтығысқан. Жол апаты Қазалы ауданының аумағында болған.
«Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғу жағдайы көрсетілген. Жол апатынан 4 адам көз жұмды, 1 адам дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Полиция өкілдері оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты.