Отбасының 11 жастағы қызы мен 7, 5, 4 жастағы ұл балалары үйдің ауласында ойнап жүргенде жоғалып кеткен
Түркістан облысының полицейлері жоғалған төрт бірдей баланы тауып, ата-анасына тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, тез арада көмек керек болып тұрғанын айтқан. Әйелдің айтуынша, оның 11 жастағы қызы мен 7, 5, 4 жастағы ұл балалары таңертеңгі уақытта үйдің ауласында ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен. Анасы балаларын жарты сағаттай іздеп, еш нәтиже шықпаған соң, полицейлерден жәрдем сұраған.
«Бір отбасының 4 бірдей жас баласы ұшты-күйлі жоғалғанын естіген полицейлер оларды аман-есен үйіне қайтару үшін бірден әрекетке кірісті. Оқиға орнына бірнеше топқа бөлінген тәртіп сақшылары жедел жетті. Жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Куәгерлерден сұрастырды, көше-көшені, үйлерді ретімен мұқият қарап шықты. Одан бөлек, қараусыз қалған үйлер де тыңғылықты тексерілді. Бірнеше сағатқа созылған полицейлердің іздестіруі оң нәтиже беріп, балалар 8 шақырым қашықтағы басқа көшеден табылды. Осылайша ойнап жүріп адасқан бүлдіршіндерді ювеналды полиция тобының инспекторы полиция майоры Тойлыбай Қоштаев дін аман тапты. Тәртіп сақшылары балалардың ас-суын беріп, жағдайы жақсы екеніне көз жеткізіп, ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балақайларды үйлеріне қайтарды», - делінген ПД хабарламасында.
Өз кезегінде бір сәтте бар байлығы балаларынан айырыла жаздаған ана тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді.
«Айтарға сөзім жоқ, полицейлерге үлкен алғыс! Ойнап жүріп, бір сәтте көзден таса болған балаларымды екі сағат бойы іздеп, тауып бергенін ерлікке балар едім. Жұмыстарына табыс тілеймін. Осылай қашанда елдің қорғаны болып жүре беріңіздер!», - деп өзінің ақжарма тілегін жаудырды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кішкентай ұл-қыздарыңызға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.