ШҚО-да 14 жастағы бозбала суға батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол әкесімен бірге атпен терең өзеннен өтпек болған

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында бозбала суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 мамырда Зайсан ауданы Кеңарал ауданында өзеннен атпен өтіп бара жатқан 2007 жылғы бозбала суға құлап, қайтыс болды.  

«Белгілі болғандай, ол әкесімен бірге атпен терең өзеннен өтпек болған. Қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан бозбала көз жұмды. Оқиға орнына жеткен жедел құтқару жасағының сүңгуіршілері оның денесін алып шықты», - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Департамент мамандары өңір жұртшылығына су қоймаларында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.