Түркістан облысында тауға шыққан 7 адам жоғалып кетті
Олар 21 мамырда кетіп, қайта оралмаған

Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіріп жатыр, делінген облыстық ТЖД-ның хабарламасында.
Олардың жоғалғаны туралы хабарлама 112 пультіне 25 мамырда сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек болған.
«Өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі пилотсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста ұшу жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ департаментінің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергіліктіатқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ҰҚК Шекара қызметінің 3 ат патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздестіруге атсалысуда», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты (тұман, ала бұлт, таулы жерлердегі найзағай) «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін емес.