Павлодарда балалар алаңында ерсі қылық көрсеткен үш ер адамды полиция алып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Олар балалар ойын алаңында ішімдік ішкен

Павлодарда балалар алаңында ерсі қылық көрсеткен үш ер адамды полиция алып кетті. Сондай-ақ олар Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 440-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, балалар ойын алаңында үш  кісі өтіп бара жатқан адамдардан ұялмастан ішімдік ішкен. 

«Балаларымен  серуендеп жүрген қала тұрғындары оларға бірнеше рет ескерту жасап, алаңнан кетуді сұраған. Бірақ олар ескертуді елемеген. Содан кейін тұрғындар полицияға қоңырау шалған. Нәтижесінде үшеуі де уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталығына жеткізілді», – деді полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Осындай жағдай 25 мамыр күні Екібастұзда да орын алды. Сағат 01.22-де полицияға Дүйсембаев көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары үйдің ауласында екі жігіт спирттік ішімдік ішіп жатқанына шағымданған. 

Полиция қызметкерлері жігіттерді уақытша бейімдеу және детоксикациялау  орталығына жауып, оларға қатысты ҚР  ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Ғалым Сарғұловтың айтуынша, ағымдағы жылы өңірде ҚР  ӘҚБтК-нің «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу», яғни  440-бабын бұзған 4000-ға жуық тұрғын анықталған.