«Sulpak» маңындағы ағаш кесу ісі бойынша үкім шықты: кінәліге ірі көлемде айыппұл салынды
Прокурор айыпталушыны 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді
Алматыда Төле би көшесі бойындағы Sulpak дүкені жанында ағаштарды кесу оқиғасы бойынша сот процесі аяқталды. Бүгін Алмалы аудандық соты үкім шығарды. Қызыл кітапқа енген емен ағаштарын кесу ісі бойынша күдікті деп танылған Жанна Нұртаева айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әйелге сот үкіміне сәйкес, 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекет қазынасына қаржы төлеу міндеттелді. Бұл шамамен 4 млн 167 мың теңге. Сот қазысы Қуаныш Әріпов сот үкімін түсіндіру барысында сотталушының қамқорында кәмелетке толмаған 2 баласының барын айтты және бұрын сотталамағанын есепке алғанын жеткізді.
Өткен жұма, 21 мамырда тот отырысында Алматы қаласының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Ерлан Молдахметов айыпталушы Жанна Нұртаеваны 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ал күдікті өз сөзінде Алматы тұрғындарынан кешірім сұрап, тағылған айыпты жеңілдетуді өтінді.
«Сакура» ЖШС дизайнері болып жұмыс істейтін Жанна Нұртаева өз кінәсін ішінара мойындаған. Қылмыстық кодекстің 339-бабының 2-бөлімі, яғни сирек кездесетін, жойылу алдында тұрған өсімдік түрлерін, жануарларды, олардың дериваттары мен мен бөлшектерін заңсыз пайдалану бойынша айып тағылған.
Бұл оқиға 2020 жылы 23 қарашада болды. «Sulpak» электроникалық сауда үйінің алдындағы 9 түп ағаш заңсыз кесілгені туралы қоғам белсенділері жазды. Бұл мәселе үлкен қоғамдық дүрбелеңге себеп болып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірген болатын. Мемлекет басшысы бұл жағдайға кінәліні анықтап, қатаң жазаға тартуды тапсырды.
Сотталушы Алмалы аудандық сотының үкіміне 15 күн ішінде аппелияциялық шағым түсіруге құқылы. Сот Жанна Нұртаеваға жоғарыдағы сомманы бюджетке төлеу үшін бір ай мерзім берді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы