Жасырынып қалған: Алматыда полицейлер мен еріктілер түні бойы іздеген бала аман табылды

7 жасар жеткіншек 22 мамыр күні сағат 20.00 шамасында жоғалып кеткен болатын

 

Жасырынып қалған: Алматыда полицейлер мен еріктілер түні бойы іздеген бала аман табылды
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда полиция қызметкерлері мен еріктілер кеше кешкі уақыттан бері іздеген 7 жасар жеткіншек аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, бала 22 мамыр күні сағат 20.00 шамасында Алатау ауданына қарасты Ақбұлақ шағынауданы, Сүлейменов №1 үйдің ауласында ойнап жүріп жоғалып кеткен.

Жеткіншекті іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері мен еріктілер, сондай-ақ, баланың туған-туысы жұмылдырылған.

«Бүгін полиция қызметкерлері мен еріктілер сол маңдағы үйлерді аралап жүргенде, баланың досының да үйіне кірген болатын. Бірақ бастапқыда ол жерде болмаған еді. Артынша белгілі болғандай, ол іздеушілер кірген кезде тоңазытқыштың артына жасырынып қалған екен. Бала дін аман. Ойынға беріліп кеткендіктен, досының үйінде қонып қалған», - деді LIDER.KZ волонтерлар қозғалысының өкілдері. 

Полиция қызметкерлері баланың аман-есен ата-анасына тапсырылғанын айтты.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.