Куәгерлердің бірі өгей әке бала есін жоғалтса да, ұруын тоқтатпағанын айтқан
Бала есін жоғалтса да, ұруын тоқтатпаған! Алматыда екі жасар сәбидің өліміне қатысты куәгерлерден жауап алынды. Жантүршігерлік жағдайды бүге-шігесіне дейін айтып берген куәгерлердің бірі баланы өгей әкеден құтқарып қалмақ болғанын айтты. Алайда бәрі кеш болған, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі Ktk.kz-ке сілтеме жасап.
«Сол жерде тұрып, телефонмен жедел жәрдем шақырттым. Өзіміздің ауданның учаскелік полицейі өтіп бара жатыр, оны да тоқтатып алдым», - дейді куәгерлердің бірі, балаға бірінші болып көмекке келген Бауыржан Әпсеитов.
Дүкендерге азық-түлік таситын жүргізуші сол маңнан көлігімен өтіп бара жатқан екен. Баланы көргенде бірден тоқтап, дереу жәрдем шақыртқан. Полицияға хабар берген де өзі.
Өгей әкенің баласын өлімші етіп ұрып жатқанын оған дейін басқа бір куәгер көрген. Оның айтуынша, айыпталушы бала есін жоғалтқанда да ұруын тоқтатпапты. Бірақ, әйел еркекке «қой» деместен, жанынан өтіп кеткен. Судьяның «сақшыларды неге шақыртпадың?» деген сұрағына келіншек қорыққанын айтып ақталды.
Екі жасар баланы ұрып өлтірген Жеңіс Құрманғазинге қатысты сот аяқталуға жақын. Келесі аптада жарыссөз өтіп, тараптар соңғы сөзін айтады.