Алматыда жасөспірімдердің телефонын тартып алған жігіт ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұрын сотталмаған жас жігіт өзінің әрекетін ақшаның жетіспеушілігімен түсіндірді

Алматыда балалардың қолынан телефонын тартып алған жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

22 жасар Н. есімді ер адам кәмелетке толмағандардың әңгімеге тарту арқылы сеніміне кіріп алған соң, қоңырау шалу туралы өтініш жасайтын болған. Содан соң қолына телефон тиісімен, ол бірден қашып кетіп отырған.

«Оның жасөспірімнің қолынан телефонын жұлып алып қашқан кезі де болған. Дегенмен, барлық жағдайда күдікті балаларды, дәлірек айтқанда, 12 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерді әңгімеге тартып, сенімдеріне кіру әдісін қолданған. Бұрын сотталмаған жас жігіт өзінің әрекетін ақшаның жетіспеушілігімен түсіндірді», - деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

 Қазіргі уақытта Н. есімді ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.