Нұр-Сұлтандағы «Дипломат» қонақ үйінің қазіргі иесі алаяқ па?!

Автор: Azattyq Rýhy

Елордадағы «Дипломат» қонақ үйін бөлісе алмаған бизнесмендер бір-бірін БАҚ арқылы қаралауға көшті

Елдің назары тағы да дүние-мүлікке таласқан екі кәсіпкердің дауына ауды. Нұр-Сұлтан қаласындағы сыртқы істер министрлігі ғимаратының жанында орналасқан «Дипломат» қонақ үйін бөлісе алмаған бизнесмендер бір-бірін алаяқ деп айыптап жатыр. Бүгін Алматыда тараптардың бірі баспасөз мәслихатын өткізіп, кәсіпкер қамауда заңсыз отыр деп мәлімдеді. Бұл туралы Алматыдағы баспасөз мәслихатына қатысқан Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Қазір «GB Corp» және «Шардара инвест групп» компанияларының құрылтайшысы, кәсіпкер Әбдулғани Беделхан Нұр-Сұлтан қаласында тергеу изоляторында алаяқтық айыбымен қамауда отыр. Кәсіпкердің туыстарының айтуынша, ол тергеу изоляторына заңсыз қамалған. Оның қорғаушысы бұл текетірес шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы қарапайым экономикалық дау еді, ал құзырлы органдар «Ақтерек LTD»   компаниясының құрылтайшысы Серік Қарымсақовтың арызы негізінде істі қылмыстық сипатқа ауыстырды дегенді айтады.  

«2019 жылдың 24 мамырында Әбдулғани Беделханға тиесілі «GB Corp» компаниясы «Ақтерек LTD» компаниясының құрылтайшысы С. Қарымсақовтан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанында орналасқан «Дипломат» қонақ үйіндегі бөлмежайлардың үлкен бөлігін сатып алған болатын. Төрт рет жасалған сатып алу және сату келісімінің жалпы сомасы 2,5 млрд теңгені құрап, қарыз «Нұрбанк» АҚ-нан несиеге алынды. Кейін бұл қаржы қонақ үй-кеңсе кешенін сатқан «Ақтерек LTD»  ЖШС есептік шотына аударылды», - дейді Алмагүл Ыдырысова.  

Аталмыш қонақ үй Нұр-Сұлтан қаласындағы Қонаев көшесі 29/1 мекен жайында орналасқан. Тоғыз қабатты коммерциялық кешен қазір жұмысын тоқтатпаған. Бірақ мейманхананың бұрынғы қожайыны қаражат толықтай өтелген жоқ деп, қалалық полиция департаментіне арыз жазған. Себебі тараптар бастапқыда 4,5 млрд теңгеге сату/сатып алу туралы келісімге келген.

ФОТО: Алматыда баспасөз конференциясын өткізген Әбдулғани Беделханның туыстары

«Менің қорғауымдағы азамат ҚР ҚК 190-бабы 4-тарауы 2-бөлігі бойынша  қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Экономикалық даудың арты аса ірі көлемде алаяқтық фактісімен тергеліп жатыр. Қарымсақов «қонақ үйді қайтарып бер, біз банктің қарызын жабамыз» деген талап қойып отыр. Бірақ Әбдулғани келісім-шарттың заңды екенін алға тартып, бизнес жасап, осы қонақ үйден пайда тапқысы келетінін айтып отыр»,- дейді адвокат.

Кәсіпкерлер Әбдулғани Беделхан мен Серік Қарымсақов арасындағы іскерлік әріптестік 2018 жылы басталған. Сол жылы қыста Ә.Беделхан коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алуға ниеттеніп жүргенін айтады. Оның бұл бастамасын Серік Қарымсақов қолдап, өзінің иелігіндегі қымбат мейманхананы сатуға келіседі. Өзін ірі кәсіпкер және мемлекеттік органдарда, тіпті қазақстандық «Форбс» беттерінен түспейтін бизнес элитамен таныс екенін айтып сендірген. Серік Қарымсақовтың қорғаушысы «Дипломат» қонақ үйінің иесі келісім бергенін айтады. Қомақты сомаға келісім-шарт жасалған кезде елге танымал қоғам қайраткерлерінің бірі де қатысқан. Алайда оның кім екенін екі тарап та айтқысы келмейді. Адвокат Нұрлан Азбанбаевтың айтуынша, аталмыш тұлғаның аты-жөні қылмыстық тергеу істерінде де жоқ екен.

«Екеуі 2018 жылдың басында танысқан. Сол кезден бастап Әбдулғани Беделхан менің қорғауымдағы бизнесменнің сеніміне кіріп, өзін мүлдем басқа қырынан танытқан. Сол жылы мамырда сауда саттық көлемі 4,5 млрд теңге болады. Оның 2,5 млрд теңгесін банктік несие, қалған 2 млрд теңгесін өз қаражатымнан төлеймін деп айтқан. Алайда, ол Қарымсақовтың сенімді өкілін алдау арқылы 2,5 млрд теңгеге қонақ үйді сатып алу туралы келісім-шартқа қол қойдырған. Бұл туралы қонақ үйдің иесі кеш білген. Содан бері Беделхан қалған соманы төлеуге асығар емес. 2018 жылы 24 мамырда, яғни келісім жасалған күні жылжымайтын мүлік әділет органдарында Әбдулғани Беделханның атына тіркеледі», - дейді қорғаушы.

ФОТО: Серік Қарымсақовтың адвокаты Нұрлан Азбанбаев

Адвокаттың айтуынша, тергеу кезінде келісім-шарт жасалған нотариус құжаттарында Серік Қарымсақовтың қолы жалған болып шыққан. Ол қолтаңбалық сатараптама қортындысы кезінде анықталған. Нұрлан Азбанбаевтың айтуынша, құрылтайшының шешімі мен қолхатында қонақ үйдің бұрынғы иесінің қолына ұқсатып өзге біреу қойған. Одан бөлек, «Дипломат» қонақ үйінің иесіне аударылған 2,5 млрд теңгенің 500 млн теңгесі қайтадан сатып алушы тараптың өкілі Сұлушаш Ташымбетованың (С.Ташымбетова - Әбдулғани Беделханның анасы – авт.) есеп шотына аударылған. Кәсіпкердің туыстары баспасөз мәслихатында бұл қаражатты мейманхананы күрделі жөндеуден өткізу үшін келісім-шарт жасалғанын айтады. Алайда екінші тарап бұл құжаттардың да қолдан жасалғанын, «Ақтерек LTD»  төлемдік тапсырма үшін банкке ешқандай құжаттар жолдамағанын айтады.

«Қонақ үй сол келісім шарт жасалды деген уақыттан бері ешқандай жөндеуден өтпеген. Тіпті тозып кеткен деп айтуға болады. Арасында электр жарығы, жылу өшіп қалатын жағдайлар болады. Ол кері қайтарылған 500 млн теңгені өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Серік Қарымсақов елордадағы элиталық қонақ үйлердің бірін көтеру үшін 7 жыл уақытын салды. 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған. Қазір тіпті оның кейбір тұрғын жайдан бөлек бөлмелерін жалға алатын кәсіпкерлер кетіп қалған. Егер қазіргі  жылжымайтын мүліктің нарықтық құнына шаққанда, қонақ үйді Беделхан шаршы метрі үшін 300 АҚШ долларына тым арзан бағамен алып отыр. Мұндай баға Астана тұрмақ, аймақтағы облыс орталықтарында да жоқ», - дейді заңгер.

Серік Қарымсақовтың адвокаты «келісім шартты заңсыз деп тану туралы» шағым экономикалық сотта қаралып жатқанын айтты. Ал 2018 жылы 24 мамырда сату/сатып алу келісім шартына сатып алушылар тарапынан Әбдулғани Беделханның өзі емес, оның әкесі Беделхан Тайжанов қол қойған. Елдегі кейбір БАҚ беттерінде қамауда отырған Әбдулғани Беделханға қатысты жағымсыз деректер де айтылып жүр. Ол (Әбдулғани Беделхан – авт.) биыл қарашада қамауға алынған. Бұл істі Нұр-Сұлтан қаласындағы экономикалық тергеу қызметі жүргізіп жатыр.

Жағымсыз деректерге тоқталсақ, 2016 жылы сол кездегі ОҚО Шардара ауданының әкімі Арман Абдуллаев соққыға жығылды деген ақпарат тарайды. Іске Бас прокуратураның қызметкерлері араласып, бұзақылық дерегі бойынша Ғани Тайжан есімді азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бірақ оның сыртынан іздеу жарияланғанымен, сол бойы ұсталмаған. Алайда «Дипломат» қонақ үйіне қатысты экономикалық қылмыс бойынша іс қозғалғанда, Әбдулғани Беделханның «оңтүстікте қылмыс жасап, қашып кетті» деген күдікті (Ғани Тайжан) екені белгілі болған. Бұл ақпаратты Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген күдіктінің әкесі Беделхан Тайжан да, адвокаты Алмагүл Ыдырысова да жоққа шығарған жоқ.  Одан бөлек, 2016 жылы 22 желтоқсанда Өскеменде құрылыс жұмыстарына тартылған «Берел Құрылыс» компаниясы банкрот деп танылады. Бұл фирманың құрылтайшысы да Ғани Тайжан екені анықталған. Кәсіпорын Өскемен қалалық құрылыс басқармасына 142 млн теңге шығын келтіреді. Ал салық ретінде 242 млн теңге қарызданған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы