Ақтөбеде 4 жасар бала терезеден құлап кетті
Қазір бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтөбеде 4 жасар бала терезеден құлап кетті. Қазір бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПД мәліметіне сәйкес, 18 мамыр күні сағат 19:20 шамасында Нефтянников көшесіндегі көпқабатты үйдің 4-қабатынан 4 жасар бала терезеден құлап кеткен.
«Баланың анасы бес айлық қызына қарап отырған уақытта, оның кәмелетке толмаған баласы абайсызда қонақ бөлмесінің терезесінен 4 қабаттан құлап кеткен», - деді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Қазіргі уақытта бала балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Жыл басынан Ақтөбе облысында 3 бала терезеден құлап кеткен.
«Балалардың жарақаттану жағдайларының көпшілігі ересектердің балаларын қараусыз қалдыруынан болып жатады», - деді Атығай Арыстанов.
Мұнда бала анасының немесе әкесінің назарынан тыс қалуынан ғана емес, сонымен қатар пәтердегі ашық терезелердің қажетті құралдармен жабдықталмаған кесірінен де болады.
Полиция қызметкерлері балалар ұшырап жататын жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін белгілі бір ережелерді сақтау қажеттілігіне назар аударады:
1. Көптеген жағдайларда терезелерден құлау балалар қараусыз қалған кезінде орын алады, ешбір жағдайда кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаңыз.
2. Бала терезеге еркін көтеріле алмайтындай етіп жиһаздың барлық түрлерін терезелерден алыс жерге қойыңыз.
3. Ешқашан москит торларына сенбеңіз! Олар балаларды құлаудан қорғаудың құралы емес!
4. Терезелерге баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді орнатыңыз.
Полицейлер осы қарапайым ережелер бала өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесуі мүмкін екенін айтты.