Нұр-Сұлтанда Полиция департаментінің лауазымды тұлғалары ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға қатысты тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бірқатар лауазымды тұлғаларының жемқорлық іс-әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сыбайлас жемқорлықты жою, өз араларында тәртіп орнату, сондай-ақ халықтың сенім деңгейін арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшылығы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған тұлғаларды анықтады», - делінген хабарламада.

Ұсталған тұлғалар Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Анықтау басқармасының бастығы және департаменттің басқа да лауазымды қызметкерлері болып шыққан.

Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға қатысты тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

«Менің тапсырмам бойынша Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы департаменттің орта буын басшыларына және басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығы Е. Сәденов.

Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпараттар жарияланбайды.