Олар есірткі салынған пакеттерді жерге көміп кетпек болған
Алматыда полиция қызметкерлері жерді қазып, есірткі жасырып жүрген азаматтарды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әуезов ауданының патрульдік полицейлері тұрғын үй аулаларын аралау кезінде екі күдіктіні байқаған. Олар жерді қазып жатқандай түр танытқанымен, бағбандарға еш ұқсамаған.
«Патруль көлігі жақындай бергенде, екі ер адам шегініп, қашып кетуге тырысқан. Бірақ полиция назарынан жасырынып қала алмады. Күдіктілер тәртіп сақшыларын көрген бетті қатты қобалжығаны бірден сезік тудырған. Олардың қалталарын жеке тексеру кезінде есірткі орамдары жерге түсіп қалды», - деді Әуезов ауданының ПБ басшысы Ұлан Әбілхайыр.
Ұсталған екі азаматтан – 2003 жылғы О. есімді азаматтың қалтасынан полиэтилен пакетке оралған 30 өсімдік тектес зат табылса, оның досы – 2004 жылғы М. есімді азаматтан соған ұқсас 20 пакет тәркіленген.
«Тәркіленген заттар сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Ұсталғандар ол жерде не істеп жүргенін және пакеттерді қайдан алғанын түсіндіре алмады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деді полиция өкілі.