Павлодарда адам қағып өлтірген жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен
Демалыс күндері Павлодар облысында 3 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Жол апаты 15 мамыр күні сағат 22.30-да Омбы – Майқапшағай тасжолынан 10-шақырымында болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, демалыс күндері Павлодар облысында 3 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, бір жаяу жүргінші қайтыс болды, екеуі түрлі дене жарақатын алды.
«ВАЗ» 2108 автокөлігінің жүргізушісі 51 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шеккен адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған. Жүргізуші жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап, қылмыс болған жерден қашып кеткен. Дереу «Ұстау» жоспары құрылып, оқиға орнынан одорологиялық із алынды, мамандардың сипаттамалары бойынша барлық машиналар тексерілді. Іс-шаралар кешені мен жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 16 мамырда жүргізушіні ұстады. Ол Павлодар ауданы ауылының 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Сараптама жүргізушінің орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті», - деді полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Аталмыш факт бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бөлігі 345-бабы мен 1-бөлігі 347-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, 14 мамырда сағат 21.40-та Павлодар қаласының Толстой көшесіндегі 98/2 үйдің алдында «Toyota Camry 20» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргіншінің жолдың жүру бөлігін реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқаны анықталды.
15 мамыр күні сағат 21.50-де Железин ауылында Садовая көшесіндегі 12-ші үйдің жанында «ВАЗ 21099» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті.
Екі жағдайда да жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алған жаяу жүргіншілер ауруханаға жатқызылды.
Барлық машиналар мамандандырылған айып тұрақтарына қойылған. Жол-көлік оқиғалары тексеріледі.