Павлодар облысында адам қаққан жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен
Зардап шеккен адам оқиға орнында қайтыс болған
Жол апаты 15 мамыр сағат 22:30-да Омбы – Майқапшағай тас жолының 10 шақырымында болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері Павлодар облысында үш жол апаты тіркелген. Өкінішке орай, бір жаяу жүргінші қайтыс болды, екеуі түрлі дене жарақатын алды.
«ВАЗ» 2108 автокөлігінің жүргізушісі 51 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шеккен адам алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған. Жүргізуші жол апаты болған жерден қашып кеткен. Оқиға орнынан одорологиялық із алынды, мамандардың сипаттамасы бойынша барлық көлік тексерілді. Іс-шаралар кешені мен жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 16 мамырда жүргізушіні ұстады. Ол Павлодар ауданына қарасты ауылдың 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Сараптама жүргізушінің орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті, - деді полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Аталмыш факт бойынша жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 3-бөлігі 345-бабы мен 1-бөлігі 347-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
14 мамырда сағат 21:40-та Павлодар қаласының Толстой көшесіндегі 98/2 үйдің алдында «Toyota Camry 20» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргіншінің жолдың жүру бөлігін реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқаны анықталды.
15 мамыр күні сағат 21.50-де Железин ауылында Садовая көшесіндегі 12-ші үйдің жанында «ВАЗ 21099» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті.
Екі жағдайда да жол апаты салдарынан зардап шеккен жаяу жүргіншілер ауруханаға жатқызылды.
Барлық көлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды.