21 жастағы келіншек құрсақтағы сәбиін 300 мың теңгеге сатпақ болған

Автор: Azattyq Rýhy

Арнайы қойылған бейби-бокстарға ешкім бала қалдырмағанымен, даладағы ит-құсқа жем болған шақалақтар саны көбейген

Фото: mama.ua

Елімізде бауыр еті баласын ақшаға сататындар мен бөтен біреуге бере салатындар көбейді. Тіпті, кейбіреуі әлі дүниеге келмеген сәбиді саудалап, әлеуметтік желіні шулатып жүр. Сондай-ақ жетімдер үйінен асырап алған баласын кері қайтаратындар да жиі кездеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Қазір сәбиін саудалайтындар көп. Ғаламторға «бала асырап аламын» деп жазсаң болды. Өздері-ақ хабарласады. Біз де құрсақтағы шақалағын сатуды көздеген әйелді қиналмай таптық.  

Ішіндегі баласын 300 мың теңгеге беремін деген келіншектің жасы небәрі 21-де. Айтуынша, ресми некеде болып, кейін ажырасып кеткен. Дәм-тұзы жараспаған жұптың бір қызы бар. Дімкәс. Оны емдету  үшін құрсағындағы сәбиін сатпақшы болыпты. Бұл бір  ғана мысал, ал қоғамда мұндай жағдай жиі кездеседі.

Шақалақ  жарық дүние есігін ашпай жатып, тағдырдың тәлкегіне түссе, жетімдер үйіндегілердің де жағдайы мәз емес. Асырауға берілген балалардың да қараусыз қалып, мемлекетке кері қайтарылғаны бар.  

«Бүгінгі таңда 4254 бала бар. Бірақ жыл сайын жетімдер үйіне балалар жан-жақтан келіп жатады. Отбасылық тәрбиеге беріліп жатады. Жылына 1000 шақты бала. Бір жылы 974 болады, бір жылы 1100 болады. Яғни, орташалап алғанда 1000 шақты бала. Осының 18-20 пайызға дейін болып жатады», - деді ҚР БҒМ  Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Маманның айтуынша, ата-ананың баладан бас тартуына бірнеше себеп бар. Бастысы, қаражаттың жетіспеуі, ал кейде екі тараптың тіл табыспауы да түрткі болады дейді.  

«Басты себеп бірегейі деп айтуға болады, ата-ана мен баланың арасындағы психологиялық тұрғыдан тіл табыспау көп. Неге? Себебі, болашақ ата-аналар балалы болудан бұрын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындықтан өтпейді», - деді Дулат  Жекебаев.

Мәселені шешудің бір жолы ретінде былтыр Алматыда бейби-бокс ашылды. Бұл көкек аналардың баланы көшеге, қоқыс жәшігіне тастамауы  үшін, сәбилердің қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылған еді. Бірақ арнайы орынға осы уақытқа дейін ешкім бала қалдырмаған. Керісінше, безбүйрек ананың жауыздығынан даладағы ит-құсқа жем болған шақалақтар көп.