$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.05.2021, 02:07
Оқиғалар

Павлодарда үйінен қашып кеткен жасөспірім Нұр-Сұлтан ауруханасынан табылды

Сондай-ақ ата-анасымен жанжалдасып қалған 14 жастағы қыз ауылда тұратын досына кетіп қалған

Павлодарда үйінен қашып кеткен жасөспірім Нұр-Сұлтан ауруханасынан табылды
Көрнекі сурет: Рixabay.com

Павлодар облысы орталығының полициясына бір күннің ішінде кәмелетке толмағандардың жоғалуы туралы үш өтініш түсті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жетінші сынып оқушысының анасы ұлының  үйден жиі кетуіне  байланысты полицияға шағыммен жүгінген. Бұл жолы полиция  жасөспірімді Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханадан тауып алды.

Өз бетімен  елордаға кетіп, қаланы аралап жүрген бала абайсызда аяғын жарақаттап, медициналық көмекке жүгінген.

Баланың елордаға қалай  барғаны және үйден кетуінің себебі анықталып жатыр.

«Сондай-ақ, 15 жастағы қыздың әкесі тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Ер адамның айтуынша, олар әйелімен ажырасқан. Қыздың анасы Шарбақты ауданында тұрады. Қызы анасына баратынын айтқан, алайда әкесі кешкісін телефон соққанда хабарласа алмаған. Полиция қызының әкесін алдап кеткенін анықтады,  шын мәнінде, ол досымен бірге қалада серуендеп жүргенін анықтады.  Қыдырып болғаннан кейін келесі күні сағат 10-да үйге өзі оралған», - деді ювеналды полицияның арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

Басқа жағдайда 14 жастағы қыздың анасы полицияға көмек сұрап жүгінген. Ата-анасымен жанжалдан кейін қызы үйден кетіп қалып, ұялы телефонын үйде қалдырып кеткен. Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде  жасөспірімнің Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде тұратын досына кетіп қалғаны анықталды.

«Егер бала үйден кетіп қалса немесе қашамын деп қорқытса, бірден бұл жағдайға назар аударыңыз. Онымен сенімді қарым-қатынаста болуға тырысыңыз», - Бибігүл Қамзина.

Тек осы жылдың басынан бастап Павлодар облысының полициясына кәмелетке толмағандардың  жоғалуы туралы 43 шағым түскен, қазіргі кезде олардың барлығы табылып, туыстарына қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары