$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.05.2021, 12:30
Оқиғалар

Алматыда жол ережесін өрескел бұзған екі жүргізуші сотталды

Олар үш жыл бойы көлік басқару құқығынан айырылды

Естеріңізге сала кетейік, жол апаты былтыр 17 қыркүйекте таңғы сағат 08:00 шамасында Алматы қаласы Әуезов ауданында Алтынсарин көшесі мен Абай даңғылының қиылысында болған.

Алтынсарин көшесінің бойымен оңтүстік бағытта Daewoo Matiz автокөлігін басқарып келе жатқан жүргізуші С.Сатқынбай Абай даңғылымен қиылыста жол қозғалысы ережелерінің 5.2.5 тармағын бұза отырып, тыйым салынған бағдаршамның қызыл түсінен өтіп, қиылысқа шығып кетті және сол жерде, жүргізуші Е.В.Ивченконың басқаруындағы JAC S3 автокөлігімен соқтығысты. Е.В.Ивченко, өз кезегінде, Абай даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерінің 5.2.3 тармағын бұза отырып, бағдаршамның тыйым салынған сары түсіне өтіп кеткен. Соқтығысу нәтижесінде Е.В.Ивченко басқарған көлік инерциямен қозғалып, қиылыстың бұрышында тұрған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Осы оқиғаның салдарынан жаяу адам ауыр дене жарақаттарын алды.

Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахмановтың айтуынша, бұл факт бойынша тергеу аяқталды. Әуезов аудандық сотының үкімімен екі жүргізуші де Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсына бір жылға бас бостандығын шектеу, сондай-ақ, үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары