Баланың әкесі оқ атты: Теміртаудағы көршілер жанжалының видеосы жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Балалар арасындағы төбелестің соңы олардың бірінің әкесінің оқ атуымен аяқталған

Теміртауда кәмелетке толмаған екі бала арасында төбелестің соңы қарудан оқ атуға ұласқан. Әлеуметтік желілерде әкелер арасындағы жанжалдың видеосы пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 8 мамыр күні сағат 20:40 шамасында Теміртау қаласында болған.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасына сүйенсек, қаладағы 8-шағынауданда кәмелетке толмаған екі бала төбелесіп қалған. Балаларды ажырату үшін үйлерінен шыққан әкелері де артынша жаға ұстаса кеткен.

«43 жастағы ер адам 32 жастағы көршісінің бетінен ұрған кезде, соңғысы үйіне жүгіріп барып, мылтық алып келіп, екі рет ауаға оқ атқан. Атыс кезінде зардап шеккендер болған жоқ», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Әлеметтік желіде жария болған жанжалдың видеосынан көргеніміздей, қолына мылтық ұстаған ер адам әуеге оқ атқан кезде аулада жиналып қалған адамдар, оның ішінде, балалар да жан-жаққа жансауғалап қаша жөнеледі. Ашуға булыққан ер адамды бірлі-жарымды тұрғындар сабырға шақыруға тырысып жатыр.

Аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген Полиция департаментінің өкілдері тұрғындарға қарата оқ атқан ер адамның көп ұзамай ұсталғанын мәлімдеді.   

«9 мамырда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Теміртау қаласы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері оқ қаруын қолданып, бұзақылық жасағаны үшін іздестіріліп жатқан 32 жастағы қала тұрғынын ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындады. Одан «Armsan» маркалы тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді ПД өкілдері.