Грузиядағы қазақстандық бойжеткеннің өлімі: күдікті 8 жылға сотталуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

5 мамыр күні Тбилисидегі көпқабатты үйдің жанынан 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі табылған болатын

Фото: baigenews.kz

Грузияның Бас прокуратурасы қазақстандық бойжеткеннің өліміне күдіктелген грузиялық азаматқа қатысты зорлау және өзін-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу ісі бойынша айып тақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тергеу нәтижесі анықтағандай, 2021 жылдың 5 мамырында ұсталған күдікті бойжеткенді өлтіретінін айтып қорқытып, зорлап, ар-намысына тиіп, тілдеген. Соның салдарынан ауыр психологиялық жағдайға ұшыраған бойжеткен өз-өзіне қол жұмсаған», - делінген Sputnik-georgia.ru хабарламасында.

Егер кінәсі дәлелденсе, ұсталған ер адам сегіз жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Еске салсақ, ҚР СІМ қазақстандық қыздың Грузияда қайтыс болуы байланысты пікір білдірген болатын.  

Грузияның құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес, 5 мамыр күні Тбилиси қаласындағы көпқабатты үйдің терезелерінің астынан Қазақстан азаматы, 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз 9-қабаттан құлап мерт болған.

Грузия полициясы өзін-өзі өлтіру халіне жеткізу деген күдікпен қылмыстық іс қозғап, күдіктіні қамауға алды.    

Айта кетерлігі, марқұмның әпкесі Айна Айтпаева «Экспресс К» басылымына берген сұхбатында сіңлісінің өліміне қатысты өз болжамын жария етті. Оның айтуынша, алыс туысы Әселді Грузияға жұмыс істеуге шақырған. Алайда Грузияға барған соң ол туысы Әселді зорлап, артынан әлдебір жергілікті кәсіпкерге сатып жіберген. Көп ұзамай бойжеткен сол кәсіпкердің қолынан қаза тапқан, немесе оның көрсеткен қорлық-зорлығына шыдамай өзіне қол жұмсап қайтыс болған.