Ұлы көлігімен жасөспірімді қаққан шенеунік пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Басқарма басшысы бұл жағдайға қатысты ұлымен сөйлескен 

скриншот: facebook

Сара Бакирова есімді желі қолданушысы өткен жұмада жол апатына куәгер болғанын, жаяу жүргіншілер жолында 1999 жылы туған азаматтың жасөспірім жігітті көлігімен қағып, оқиға орнынан ізін суытқанын жазды.

Сондай-ақ куәгер көлік жүргізушісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде басқарма басшысы лауазымын атқаратын Дамир Нұрғалиевтің ұлы екенін айтқан.

Бұл жағдайға қатысты МКК басқарма басшысы Дамир Нұрғалиев zakon.kz тілшілеріне пікір білдірді.

«Әлеуметтік желі мен бітқатар БАҚ-тағы менің ұлымның қатысы болған жол апатына қатысты жазбаларға қатысты мынаны айтқым келеді: Мен Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінде басқарма басшысы лауазымын атқарамын. Бірақ, ақпаратта жарияланғандай «жоғары шенді шенеунік» емеспін.

Ал, жол апатына келетін болсақ, бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысады. Шешім қабылдау да солардың құзыретінде. Бұл жағдайға қатысты қандай да бір қорытынды шығаруға әлі ерте. Менің тарапымнан құқық қорғау органдарының шешіміне араласу, ықпал ету болмайды.

Мен ұлыммен ол жайлы тараған ақпаратқа қатысты сөйлестім. Біз басқа тараптан еш шағым түспесе де, олардан кешірім сұрадық.

Ескерткім келетіні, бұл оқиғаның менің қызметіме - Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетін еш қатысы жоқ», - деген шенеунік.

Бұл оқиғаны Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментіндегілер растады. Оқиға 30 сәуірде сағат 15:13 те Түркістан көшесінде болған. Toyota Camry жүргізушісі белгіленген жерден жүгіріп өткен жасөспірімді (2004 жылғы) қаққан. Бұл факті бойынша 21 жастағы жол апатына куәгер азамат анықталды.

Ал, жәбірленушінің алған жарақатының ауырлығы сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша анықталады. Қазір аталған фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.