Түнгі тыныштықты бұзған атыраулықтарға айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері қалада 650-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Атыраулық полицейлері жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзған 650-ден астам адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мереке күндері қала аумағында тәуліктің түнгі мезгілінде яғни, 23:00-ден кейін патрульдік полиция қызметкерлерімен жаяу патрульдеу кезінде түнгі тыныштықты бұзған алты қала тұрғыны анықталып, жауапкершілікке тартылды.

«Мысалы, 2 мамыр күні сағат 00:30 шамасында «Жастар» саябағында патрульдік полиция қызметкерлері гитарамен ән салып, түнгі тыныштықты бұзған 20,21 жастағы бес қала тұрғынын анықтап, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437- бабымен (Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіріп, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу) әкімшілік хаттама жасақталып, әрқайсысына 14 585 теңге айыппұл салынды.

Одан басқа, 3 мамыр күні сағат 01:15 шамасында «Жастар» саябағында патрульдік полиция қызметкерлері гитарамен ән салып, түнгі тыныштықты бұзған 23 жастағы қала тұрғынын анықтап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен (Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіріп, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу) 14 585 теңге айыппұл салды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері қала аумағында түнгі тыныштықты бұзған 650-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, Атырау қаласы Полиция басқармасы тұрғындардың назарына  түнгі сағат 22-ден таңғы 9-ға дейiн, демалыс және мереке күндері сағат 23-ден таңғы 10-ға дейiн адамдардың демалысы мен тыныштығын бұзғандарға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде  және бір жылдың ішінде осы бұзушылықты қайталаған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертеді.