Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Ақтөбе облысында жол-көлік апаты салдарынан көлік жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 2 сәуір күні сағат 15:15 шамасында Ақтөбе – Орынбор тасжолы бойында болған. Жол-көлік апаты салдарынан бір адам мерт болып, төрт адам түрлі жарақат алды.
Audi автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі Мәртөк ауылына жақын тұста қарсы бағытқа шығып кетіп, «Газель» автокөлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік апаты салдарынан Audi автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Audi көлігіндегі үш жолаушы мен «Газель» көлігіндегі бір жолаушы түрлі жарақатпен Мәртөк аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.