СҚО-да 6 бірдей үй қора-қопсысымен бірге өртеніп кетті
Облыс әкімі баспанасынан айырылған тұрғындарға көмек берілетінін айтты

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданы Желяково елдімекенінде болған өртке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңір басшысы Facebook-парақшасында өрт салдарынан баспанасынан айырылғандарға көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
«Кеше Қызылжар ауданы, Желяково ауылында қураған шөп жанып, 3 тұрғын үй және бос тұрған 3 үй өртеніп кетті. Қатты жел жұмысты қиындатқанымен, өрт сөндірушілер оттың таралуына жол бермеді. Ауылда 51 үй бар. Өрттің себебі анықталып жатыр. Зардап шеккендер туыстарына уақытша орналастырылды, оларға қажетті көмек көрсетіледі», - деп жазды Құмар Ақсақалов.
Қазіргі уақытта еріктілер баспанасыз қалған тұрғындарға қол ұшын созу мақсатымен әлеуметтік желі арқылы киім-кешек, тұрмыстық заттар мен төсек-орын сияқты қажетті заттар жинауға кірісіп кеткен.
Айта кетсек, 2 мамыр күні СҚО Қызылжар ауданы Желяково ауылында түс кезінде шыққан өрт қатты соққан дауыл салдарынан айналаға тараған. Өршіген өрт 6 бірдей үйді қора-қопсысымен бірге тып-типыл еткен. Өрт сөндірушілер дауылды мезгілде тұтанған қызыл жалынды жеті сағат бойы ауыздықтап, әрең сөндірген.