Биыл Шымкентте 4 адам пойыз астына түсіп өлген
Биыл Шымкент қаласында 6 азамат шойын жолда пойыздың астына түсіп, 4 адам көз жұмған

Жыл басынан бері Шымкент қаласында 6 азамат шойын жолда пойыздың астына түсіп, 4 адам көз жұмған. Бұл жөнінде Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шымкент қаласы ТЖД бастығы Нұрболат Дербісовтың айтуынша, қаза болғандардың бірі – ата-анасының қарауынсыз қалған 2 жасар бала, енді бірі спирттік ішімдікке тойып алған азамат. Ал, үшіншісі жүйке жүйесінің ауытқуына шалдыққан жан екен. Төртіншісі болса, құлағына құлаққап (наушник) киіп, ән тыңдап келе жатқан мектеп оқушысы.
Қазіргі уақытта төтеншеліктердің ұсынысымен, темір жолға жауапты мекемелер қауіпсіздік мақсатында шойын жолдарды қоршау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соған қарамастан, ашық қалған учаскелерде қайғылы жағдайлар тіркелуде.
Жалпы, Шымкентте темір жол бойында орналасқан елдімекендер жеткілікті. Алғашында тұрғындар бұл жерлерге үйді мемлекеттің рұқсатынсыз, өз еріктерімен салып алған. Кейін заңдастырып, ақыры бүтін бір елдімекендер пайда болды. Қайғылы жағдайлардың жиі болатыны да осы тұрғын алабтарында. Жергілікті билік өкілдері мен Төтенше жағдайлар департаменті елдімекендер мен ұрғындарды темір жол қаупінен сақтау үшін қоршаулар жүргізген.
Бұдан бөлек, 2018-2019 жылдар аралығында газдан уланудың алты бірдей жағдайы тіркеліпті. Салдарынан 8 адам өмірімен қоштасып, 1 адам уланып ауруханаға жеткізілген.
Төтеншеліктер азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тіпті, арнайы кітапшалар мен ескертпелер шығарып та қала тұрғындарына таратуда. Насихат жұмыстарына қазынадан 17 миллион теңге жұмсалады екен. Соған қарамастан, төтенше жағдайдан көз жұматын шымкенттіктердің саны азаймай тұр.
Арай Есенбек, Шымкент