Шамалған станциясында зардап шеккендер Алматыға жеткізілмек
Ақ халаттылардың сөзіне қарағанда балалардың жағдайы ауыр
Шамалған станциясында пойыз бен автобустың қақтығысу салдарынан зардап шеккендер Қаскелең аудандық ауруханасынан Алматы қаласындағы шұғыл медициналық жәрдем орталығына жеткізілмек, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Нейрохирург дәрігерлердің қатысуымен консилиум өткізіліп, мамандар емделушілерді Алматы қаласындағы шұғыл медициналық жәрдем орталығына жеткізу жөнінде шешім қабылдаған. Ақ халаттылардың сөзіне қарағанда балалардың жағдайы ауыр. Олар оңтүстік астанаға реанимобильмен жеткізіледі. Арнайы көлікті жол полициясының қызметкерлері алып жүреді.
Ал 1986 жылы туған әйелдің жағдай тұрақты. Ол емін Қаскелең аудандық ауруханасында жалғастырады.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйек күні кешке Ақсеңгір-Шамалған теміржол бекетінде жолаушылар пойызы кептелісте тұрған автобусты қағып, бір адам қайтыс болды. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.