Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыста 12 жасар қыз бала қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қарулы қақтығыс салдарынан қырғыз тарапынан үш адам мерт болды, оның біреуі – әскери қызметкер

 

Суретте: Тұрғындар атыс аймағынан жаралы адамды әкетіп барады

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс салдарынан қырғыз тарапынан үш адам, оның ішінде, он екі жастағы қыз бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy АКИpress агенттігіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Жалалидин Рахматуллаевтың айтуынша, Баткен облыстық ауруханасына жеткізілген екі адам көп ұзамай көз жұмған. Тағы бір қайғылы оқиға Лейлекте тіркелген – 2008 жылы туған қыз бала қаза болған.

«Ауруханаға барлығы 51 зардап шегуші түсті. Олардың бәріне тиісті медициналық көмектер көрсетілді. Ош пен Бішкектен медқызметкерлер келді, қазіргі уақытта қосымша кереуеттер жеткізіліп жатыр. Қажет болған жағдайда, зардап шегушілерді одан ары ем алу үшін Бішкекке жеткіземіз», - деді Ж. Рахматтуллаев.

24.kg агенттігінің дерегінше, қаза тапқандардың біреуі – Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің әскери қызметкері. 

Айта кетсек, бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстанның Сыртқы істер министрлері қақтығыс ошағында атысты тоқтату және аймақтағы әскери күштерді кері қайтару туралы келісімге келгенін жазған болатынбыз.

Еске салсақ, екі ел тұрғындарының арасындағы қақтығыс 28 сәуірде басталған. Тәжікстан тарапы шекарадағы электр бағанына бейнебақылау камерасын орнатқан. Бұған наразылық білдірген қырғыздар алдымен ауызша ескерту жасаған. Тараптар мәмілеге келе алмай, бір-бірін алдымен таспен атса, артынша суық қару қолданған.