Павлодарда күндіз алтын мен ақша ұрлап жүрген адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

40 жастағы ер адам тұрғындар үйінде болмаған кезде ұрлық істеп отырған

Ер адам Павлодар қаласының  уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері пәтер тонаған күдіктіні  қолға түсірді. Оның облыс орталығының аумағында 2020 жылғы желтоқсаннан бастап жасаған жеті ұрлық фактісі бойынша кінәсін дәлелдейтін айғақтар бар.

40 жастағы павлодарлық күндіз тұрғындар үйінде болмаған кезде ғана қылмыс істеп отырған.

«Ол кілт таңдау арқылы пәтерлердің есіктерін ашып, қылмыс болған жерден жасырынып отырған. Көбіне алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған. Жалпы 2 миллионнан астам теңгеге шығын келтірген», - деп атап өтті ДП басшысы Нұрлан Мәсімов.

Барлық фактілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.