Қылмысты ашуға бақылау камералары мен жергілікті тұрғындар көмектесті
Екібастұзда қылмыскер қарияның үйіне пышақпен баса-көктеп кіріп, тонап кеткен, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық ДП баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз криминалдық полициясының жедел уәкілдері дәрменсіз күйде болған қарт әйелге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстаған.
"Пышақпен қаруланған ер адам үйдің ауласында кіреберіс есіктің ашылуын күтіп тұрып, 76 жастағы әйелдің жартылай ашық тұрған пәтеріне кірген. Қылмыскер 110 мың теңге көлеміндегі қаражат пен Nokia ұялы телефонын, бір бума кілтін алып кеткен. Жедел қызметкерлер шабуылдаушының Екібастұз қаласының 40 жастағы тұрғыны екенін анықтады", - дейді облыстық ПД криминалдық полиция бөлімінің бастығы Балғабай Қапаров.
Бақылау камераларында күдіктінің үй ауласында жүргені түсіп қалған. Сол кезде аулада болған тұрғындардан да жауап алынды. Шабуылдаушының ақ кроссовкалары адамдардың назарын аударған.
Заттай дәлелдер алынып, өндіріс материалдарына бекітілді, сараптамалар тағайындалды. Күдікті Екібастұздағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.