Қайғылы оқиға 26 сәуір күні Құлсары қаласында болған еді
Атырау облысында канал суына батып кеткен 9 жасар баланың денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 26 сәуір күні сағат 20.00 шамасында Жылыой ауданы Құлсары қаласында болған еді. Құлсары қаласының орталығымен өтетін Құрсай каналында рұқсат етілмеген жерде шомылып жүрген кезінде 2012 жылы туған бала суға батып кеткен.
Сағат 20.35 шамасында Құлсары қаласының Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері іздестіру жұмыстары жүргізген. Алайда баланың денесі табылмағандықтан, қараңғы түскендіктен сағат 21.20 шамасында суға кеткен баланы іздеу жұмыстары тоқтатылды. Артынша баланы туыстарымен бірге қайықпен іздеу жұмыстары жалғасты, олар канал түбін тексеріп шыққан.
Сонымен қатар, қалалық №2 МӨСБ-нің 12 қызметкері мен №9 ӨСБ-нің 6 қызметкері канал жағалауы бойынша іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда сағат 4.00 шамасында іздеу жұмыстары нәтиже бермегендіктен тоқтатылған болатын.
«27 сәуірде таңғы сағат 7.35 шамасында іздестіру жұмыстары қайта басталды. Ал сағат 7.38-де құтқарушылар суға батқан баланың денесі тауып, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін ішкі істер органдарына тапсырды», - делінген ТЖД хабарламасында.