Ұшақ апаты 16 сәуірде болды
16 сәуірде сағат 20:45-те Қарағанды облысында (Балқаш маңы) Қорғаныс министрлігінің Су-30СМ ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта болған екі экипаж мүшесі аман-есен, олар медициналық қызметкерлердің бақылауына алынды. Сол күні ұшақ апатының себебін анықтау жөнінде арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына жөнелтілді.
Бүгін Қорғаныс министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия өкілдері апаттың ықтимал себебін айтып, Су-30СМ жойғыш ұшағы құстың кесірінен апатқа ұшыраған болуы мүмкін деген болжамды жеткізді. Ұшақ апаты болған жерде бірнеше өлі құс табылған.
«Комиссия барлық ықтимал нұсқаны қарастырып жатыр. Олардың бірі - әскери борттың құстарға соқтығысуы. Бірнеше құс соғылса, онда ұшақтың екі қозғалтқышы да істен шығады. Авиацияда бұл ең қауіпті жағдай болып саналады. Өйткені ұшақ қозғалтқыштардың кем дегенде біреуі жұмыс істесе, ұшуын жалғастыра алады және қауіпсіз қонады», - деді арнайы комиссия өкілдері.
Апатқа ұшыраған әскери ұшақта болған екі экипаж мүшесі де тәжірибесі жоғары ұшқыштар екені айтылды. Екі ұшқыштың да ұшу уақыты шамамен 1 500 сағатты құрайды.