$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.04.2021, 23:59
Оқиғалар

Елорданың кәсіпкерлік субъектілері 35 млн теңгеден астам айыппұл төледі

Мониторингтік топтар күн сайын 200-ден астам кәсіпкерлік нысанды аралайды

 

Елорданың кәсіпкерлік субъектілері 35 млн теңгеден астам айыппұл төледі

Елорданың кәсіпкерлік субъектілеріне шектеу шараларын бұзғаны үшін 40 млн теңгеден астам сомаға 200-ден аса айыппұл салынды. Бұл — осы жылдың басынан 16 сәуірге дейінгі аралау барысында қолданылған шара. Мұндай жазаға қарамастан біраз мекеме жұртшылыққа қауіп төндіріп, карантин шараларын бұзуды әлі де жалғастырып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорданың мониторингтік топтары күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып келеді.

Осы жылдың 18 сәуірінде кешкі аралау барысында Есіл ауданындағы «Chechil Pub» барының жұмыс тәртібін бұзғаны анықталды. Сонымен қатар, тыйым салынғанына қарамастан келушілерге кальян қызметі де көрсетілген.

Сол сияқты Сарыарқа ауданындағы «Панаехали», «Базилик» кафелері, «Карима» дәмді палау орталығы, Алматы ауданындағы «Lotomatic» кафесі, Байқоңыр ауданындағы «Мангал» кафесі және «12 ай» құрылыс дүкені белгіленген жұмыс режимін бұзды.

Аталмыш нысандардың бәріне карантин режимін бұзғаны үшін шұғыл хабарламалар жасалды. Тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан 16 сәуіріне дейін аудандық полиция басқармаларынан бас-аяғы 550 материал келіп түсті, оның ішінде 40 млн теңгеден сомасына 200-ден аса әкімшілік айыппұл қаралып, салынды. Ал 35 млн теңгеден аса сомаға 130-ға жуық айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді.

Мониторингтік топтар күн сайын 200-ден астам кәсіпкерлік объектілерін аралайды. Карантиндік шектеу шаралары сақталмайтын 5-тен 20-ға дейінгі нысан анықталады.

«Қазіргі уақытта мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауы үшін жүргізіп жатқан шараларына қарамастан кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын жүйелі бұзып келеді. Бұл өз кезегінде тыйымдарды бұзғаны үшін жаза қолданылмайды, Қазақстан Республикасы заңнамаларын аттап өтуге болады деген ойды меңзейді. Ал шынтуайтында коронавирус инфекциясының белең алуына алып келді», - деп атап өтті елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Серіктес жаңалықтары